Областное методическое объединение: программного обеспечения и информационных систем

Дамыта оқыту арқылы оқушылардың физика пәніне қызығушылықтарын арттыру

СЕРІКОВА НАЗЕРКЕ РЫМБЕКҚЫЗЫ. СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ, КМҚК «ҚҰРЫЛЫС КОЛЛЕДЖІ» ШҚО ББ

Заман талабына сай қазіргі білім беру үрдісінде түбірлі өзгерістер болып жатқаны белгілі.

Әр мұғалімнің басты міндеті – рухани бай, жан-жақты дамыған, дарынды, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу.

Оқу үрдісі уақыт талабымен қаншама өзгермесін, тек ұстаз ғана оның мазмұнын оқушы санасына сіңіре алады.

Қазіргі кезде оқушылардың білімге деген зейіндерін арттыру үшін көптеген жұмыстар ұйымдастырылады.

Сыныптағы оқушының ойлау қабілеті бірдей болмайды. Сондықтан физика сабағында әр сыныптағы оқушының жас ерекшелігіне қарай және білім деңгейіне сай сабақтың түрлерін тауып, сол тақырыптарды игеруді мақсат ету керек.

Мен физика сабақтарында оқушылардың білім деңгейлеріне қарай деңгейлеп дамыта оқыту әдісін қолданғанды жөн көремін. Өйткені оқушы өзін қызықтыратын нәрселерге ғана көңіл аударады. Физика бұл өте күрделі пән, бұл пән математика, тарих, жаратылыстану пәндерімен тығыз байланысты. Оқушылардың әр тақырыпты меңгеруі әр түрлі деңгейде болады. Сол себепті жұптық, топтық жұмыс бұл пәнге сай келеді. Сабақта есепті шешудің әр түрлі тәсілдерін пайдаланғанда жақсы нәтижеге қол жеткізуге, оқушының пәнге деген қызығушылығын артыруға болады. Осындай жұмысты бағалағанда тек нәтижеге емес, оқушының ынтасына да көңіл аударылады. Соңында жаңа материалды ғана емес, ненің ұнағандығын, қандай тәсілдердің қолайлығын да талқыға салып отыру керек. Кейбір кездерде ережелерді, тіпті терминдердің мағынасын үнемі талдап түсіндіріп отыру қажет, оның себебі физикалық терминдерді оқушылар үнемі естіп жүргенімен, өз ойларын түсіндіру кезінде жеткізе алмайды. Мысалы, диффузия – зат молекулаларының араласу құбылысы, деформация – қатты дененің өз пішінін өзгерту құбылысы, заряд – электр тогын тасымалдаушы бөлшек, температура – дененің жылулық дәрежесі т.б.

Әрекетті ауыстырып отыру да – демалыс екендігін ұмытпаған жөн. Сабақ жоспарын құрғанда әрекет бірегейлігін болдырмау қажет. Қалыпты жағдайда 4-7 әрекет ауыстыру шарт.

Оқу үрдісінде оқушыларға бұрын өткенді қайталай отыра, сол материалды үнемі жаңалап отырып, басқа қырынан көрсете білу керек. Өйткені бір айтқанды қайталай берген оқушыларды жалықтырып жібереді. Әрине оқушыны қызықтыру үшін, алдымен мұғалім өз пәнін сүюі қажет. Ал қызығушылық танытқаннан кейін, оны өшіріп алмаудың келесідей амалдарын келтіруге болады: физикалық практикум, салыстырулар, қарама-қайшылықтар, оқытудың әр түрлі тәсілдері, қызықты тәжірибелер, көрнекі түрде ұйымдастырылған жалпылама зертханалық зерттеулер, ойындар (ойын элементтері кірістірілген сабақтар), жарыстар т.б.